ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына жол берген серіктестік үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Серіктестік дизель отынын сатып алу мен өткізудің заңдылығын растайтын құжаттарсыз мемлекеттік мекемеге және 3 заңды тұлғаға сатып келген.
«Серіктестік аталған заңдылықты сақтамай 2019-2023 жылдар аралығында 26 мемлекеттік мекемеге және 3 заңды тұлғаға дизель отынын өткізгені анықталды. Оның жалпы көлемі 262 млн теңге. Бұл бойынша қылмыстық іс тіркеліп, бүгінде іс аяқталу сатысында», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.
Сондай-ақ биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 197 және 218-баптары бойынша екі серіктестікке қатысты сот үкімі шықты.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 24 пәтер ұрлығына қатысы бар үш адам ұсталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.