Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 ақпаннан бастап, Қазалы ауданының Ойынды елді мекені тұсындағы «Мирас» кешеніне 135 жүк көлігі (фура) мен 35 жеңіл автокөлік тоқтатылды.
«Аудан әкімдігі кешен басшылығымен келіссөз жүргізіп, жолаушыларға арзан бағамен тамақ берілуде. Дәрі-дәрмек, ауызсу тегін үлестірілді. Азық-түлік қоры жеткілікті. Балалы жолаушыларға кешеннің қонақ үйінен тегін жатын орындар дайындалды, кезекшілік қойылған. Тек Арал, Қазалы ғана емес, барлық ауданда жолаушыларға аудан әкімдіктері тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Ал облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Қазалы ауданында 230-ға жуық жүк және жеңіл көлік тоқтатылған. Онда барлығы 600-ге жуық адам болған.
Сондай-ақ, Арал ауданынан 20 шақырым қашықтықтан Ақтөбе бағытына қарай республикалық маңызы бар автожолдар жабық. Бұл аумақта барлығы 807 автокөлік (584 жүк көлігі, 17 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік) және 1200-ге жуық жолаушы жақын маңдағы жылыту пункттеріне жеткізілді.
«Қазіргі таңда жолдың жабық болуына байланысты арнайы штаб құрылған. Полиция қызметкерлері автожолдарда тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Полиция құтқарушылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көмек беру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Қызылорда облысының Полиция департаменті тұрғындарды қолайсыз ауа - райы жағдайын ескеріп, алыс жолға шықпауларын сұрайды», - деп толықтырды департаменттен.