Қызылорда прокурорлары кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 590-нан астам әрекетінің алдын алған

Фото: Фото: Қарағанды облысы прокуратурасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім болды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров кәсіпкерлермен кезекті кездесу өткізіп, оған облыс әкімі, құқық қорғау, мемлекеттік органдар басшылары мен бизнес-қауымдастық қатысқан.

Іс-шарада прокуратураның бизнесті қорғау бойынша жұмысы баяндалып, кәсіпкерлердің мәселелері талқыланған.

Биыл қабылданған шаралар нәтижесінде 1400-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 24 лауазымды тұлға түрлі жауапқа тартылды.

Кәсіпкерге тиесілі 100 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды.

Жалпы ел экономикасына үлесі 568 млрд теңгені құрайтын 12 инвестордың проблемалық мәселелер шешілді.

590-нан астам кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз тексерулердің алдын алды.

Мысалы, «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында уәкілетті органның «Марал-Нұр» ЖШС-не қатысты жер учаскелерінің мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою арызы келісуден бас тартылды.

Сонымен қатар, қабылданған шаралардың нәтижесінде инвестордың жер учаскесіне қойылған шектеулер алынып тасталды.

Биылғы 3 айда прокуратураның мобильді тобына 20-ға жуық «сигнал» келіп түсті, оның 5-і расталды.

Олар бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды.

- Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмыстары ерекше бақылауда. Кәсіпкерлер мен инвесторлардың сигналдарын дереу қарау мақсатында облыс прокуратурасының аланыңда Фронт-офис құрылғанын және тәулік бойы мобильдік топ жұмыс жасайтындығын хабарлаймыз (байланыс телефоны 8700-156-11-66), - делінген хабарламада.

Осыған дейін Бас прокуратураның Алматы облысында кәсіпкерлікке кедергі жасау әрекеті бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарладық.