Қызылорда облысында «сақалды» құрылыс бар ма

Фото: Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 10 айда Қызылорда облысындағы құрылыс жұмысына бөлінген қаржы көлемі 235 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 117,6%-ға артық. 

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы кезге дейін жоспарланған қаржының 80,9 млрд теңгесі немесе 98,7%-ы діттеген мақсатқа жұмсалды.

— Облыс көлемінде 96 жобаның құрылысын жүргізу және 2980 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде білім беру саласында 11 (5-і — «Келешек мектебі»), денсаулық сақтау саласында 9, мәдениет саласында 6, спорт саласында 8 нысан және тағы көптеген жоба бар. «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында барлығы 6900 орындық 10 мектеп салынды. Қызылорда облысы республикада Президент тапсырмасын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Арал ауданының Жалаңаш ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, — деді басқарма басшысы Ерлан Төрәлиев.

Қазіргі күні облыс орталығында, яғни Сырдария өзенінің сол жағалауында 35,5 млрд теңгеге көпбейінді аурухана салынып жатыр. Ауруханада сондай-ақ бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік онкологиялық бөлімше қамтылған. Құрылысшылар Арал және Қазалы аудандарындағы орталық ауруханаларды көп ұзамай реконструкциялап, Қамқорлық орталығына бейімдемек.

Басқарма басшысы Kazinform тілшісінің «Қызылорда облысында құрылысы ұзаққа созылған нысандар бар ма?» деген сұрағына жауап берді.

— Мен 2022 жылы қызметке келген кезде «сақалды» құрылыстар мәселесі бойынша осы жылға дейін құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік маңызды 5 нысан бар болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен басқарманың тікелей тапсырысындағы мұндай нысандар мәселесі шешімін тауып, пайдалануға қабылданды. Бүгінгі күні басқарманың тікелей тапсырысында құрылысы ұзаққа созылған нысандар жоқ, — деді ол.

Бұған дейін біз Қызылорда облысында апатты жағдайдағы және тозығы жеткен ғимараттарды жаңарту жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын жазған едік.