Қызылорда облысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 44 млрд. 703 млн теңгеге 300 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 92 пайыздан асты.
Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылордада өткен брифингінде айтты.
«Облыс орталығының негізгі көшелері: әуежайдан — Бейбарыс көшесіне дейінгі аралық, қаланың Шиеліден кіреберіс жолы, магистралды Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы (Сқлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейін) төртжолақты болып кеңейтілді. Қызылорда қаласында 4 млрд. 700 млн. теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін темір жол асты автожол, Арал, Жаңақорған аудандарында құны 4 млрд 500 млн теңгеге темір жол үстінен аспалы көпір құрылысы жүруде. Көлік-логистика саласында да жетістіктеріміз көп», — деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, көп жыл бойы күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Жоба құны — 108 млрд 500 млн теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 140 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2026 жылы ел игілігіне беріледі.
Мұнан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін табуда. Халықаралық дәліздің осы аумағын 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде.