Қызылорда облысында шегірткелер жылдағыдан екі апта ерте оянды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бүгін Қызылорда облысында шегірткемен күрес жұмысы басталды.
АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше, биыл 60 мың гектардан астам жерді химиялық жолмен өңдеу жоспарланып отыр. Зиянкестің, әсіресе, италиялық прус, азиялық, саяқ сияқты түрлері қаптауы мүмкін екені ескеріліп, фитосанитариялық іс-шаралар күшейтілді. Оған 4 арнайы жер агрегаты, 2 жеңіл ұшақ, 1 ұшақ және 3 дронды қатыстыру көзделген.
— Өткен жылға қарағанда биыл Қызылорда облысында шегірткелер 12-13 күнге ерте оянды. Италиялық прус дернәсілдерінің 98%-ы Арал ауданының аумағында. Арғы жағындағы Ұлытау, Ақтөбе облыстарынан ұшып келген сияқты. Зиянкес жұмыртқа салған аумақ зерттелді. Қазір жер бетіне дернәсілдері шығып жатыр, — деді инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев.
Зиянкестің таралу аумағы Арал ауданы бойынша 21 720 гектар, Қазалыда 1482 гектар, Қармақшы ауданында 100 гектар, Жалағаш ауданында 1300 гектар аумақты қамтып отыр. Инспекция басшысы атап өткендей, Қызылорда қаласы мен Шиелі, Жаңақорған аудандарында италиялық прустың дернәсілдері жоқ.
— Есесіне азиялық шегіртке дернәсілдері басым. Мысалы, ең үлкен бөлігі Шиелі ауданында — 8332 гектар. Одан бөлек, Жаңақорғанда 5 мың, Қармақшыда 6 мың, Қазалыда 5490, Аралда 4 мың гектар жерге азиялық шегіртке дернәсілдері шығып жатқаны анықталды, — деді Мұхтар Оразбаев.
Синоптиктер болжамынша алдағы уақытта өңірде ауа температурасы 44ºС-ге дейін көтеріледі. Шегірткенің көбеюіне қолайлы уақыт — осы кезең. Ал жерді улау жұмысы туралы бал араларына зияны тиіп кетпес үшін омарташыларға алдын ала хабарланады.
Бұған дейін біз Қызылорда облысында карантиндік зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмысы мамыр айының соңына қарай басталатынын жазғанбыз.