Қызылорда облысында тұмау 3,3 есе төмендеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 2026-2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 15 089 жағдайы тіркелді.

Фото: ДСМ

Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, маусым барысында тұмаудың 9 жағдайы анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есе төмен.

— 2025 жылы осы мерзімде тұмаудың 30 жағдайы тіркелген болатын. Тұмау санатына жатпайтын вирустардың таралуын анықтау мақсатында 256 сынама зерттелді. Зертханалық зерттеу нәтижесінде риновирустың 12, аденовирустың 16, парагрипптің 10 және бокавирустың 5 жағдайы анықталды. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі — вакцинация. Осы бағытта облыста иммундау жұмысы жүргізіліп, бүгінгі күнге дейін 69 256 адам тұмауға қарсы екпе алды. Вакцинация барысында Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылып жатыр. Әсіресе, созылмалы аурулары бар азаматтарға, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге, балалар мен егде жастағы адамдарға тұмауға қарсы екпе алудың маңызы зор, — деді департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Мамандар тұрғындарды маусымдық вирустық инфекциялардан сақтану шараларын қатаң сақтауға шақырады.

— ЖРВИ мен тұмаудың таралу қаупін азайту үшін әр тұрғын жеке гигиена талаптарын сақтауы қажет. Қолды сабынмен жиі жуу, бөлмені тұрақты желдету, ылғалды тазалау, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану инфекцияның алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және дене белсенділігін сақтау арқылы ағзаның қорғаныс қабілетін қолдаған жөн, — деді департамент басшысының орынбасары.

Дәрігерлер аурудың алғашқы белгілері байқалған, яғни дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болып, тамақ ауырған, мұрын бітелген немесе жалпы әлсіздікті сезінген жағдайда үйде қалып, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Ауру белгілері бар балаларды мектепке немесе балабақшаға жібермеген жөн. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодар облысында 76 мың адам тұмауға қарсы екпе алды.