Қызылорда облысында үш теміржол вокзалы жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда облысындағы Жосалы, Төретам және Арал теңізі станцияларының теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Фото: Көлік министрлігі

Жаңғырту жұмыстары еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы аясында жүргізілді.

Үш нысанда да қасбеттер мен шатырлар, ішкі үй-жайлар, инженерлік жүйелер, перрондар және вокзал маңындағы аумақтар жаңартылды. Энергия үнемдейтін терезелер мен алюминий витраждар орнатылып, ғимараттар қажетті жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілді. Әрлеу жұмыстарына отандық өндірістің материалдары пайдаланылды.

– Жосалы станциясының екі қабатты вокзалы 1905 жылы салынған. Ғимараттың ауданы 628,8 шаршы метрді құрайды. Станция арқылы Жосалыны Қазақстанның ірі қалаларымен, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен байланыстыратын 22 жолаушылар пойызы өтеді, – делінген хабарламада.

Төретам станциясындағы екі қабатты вокзалдың ауданы да 628,8 шаршы метр. Мұндағы орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 340 адамнан асады. Станция арқылы 22 жолаушылар пойызы қатынайды.

1904 жылы салынған Арал теңізі станциясының вокзалы қайта жаңғыртудан кейін 439,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Мұнда тәулігіне орта есеппен 640-тан астам жолаушы қатынайды. Станция арқылы Аралды Қазақстан қалаларымен және көрші елдермен байланыстыратын 24 жолаушылар пойызы өтеді.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы Тереңөзек және Жалағаш станцияларының вокзалдарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, елде 100 теміржол вокзалда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.