Қызылорда облысында үшем жарық дүние есігін ашты, деп хабарлайды Kazinform .
Фото: Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы
Облыс орталығында тұратын 30 жастағы Алтынай Байназарова перинаталдық орталықта үшем босанды. Жүктіліктің 34-аптасында өмiрге келген нәрестелердің салмағы - 1 390, 2 090, 2 180 грамм. Олардың үшеуі де қыз бала. Ата-әжелері үшемге Әмина, Медина, Ясина деп ат қойды.
Фото: Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы
Нәрестелер 1 ай бойы перинаталдық орталықтың нәрестелер жансақтау, нәрестелер патологиясы бөлімшесінде ем қабылдады. Қазіргі кезде анасымен бірге үйіне шығарылды.
«Дәрігерлерге зор алғысымды білдіремін. Орталықта ана мен бала үшін қолайлы жағдай жасалған. Перзентхана заманауи жабдықтармен қамтамасыз етiлген» , - деді Алтынай Байназарова.
Жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталығында 8 339 нәресте дүниеге келген. Олардың 120-сы егіз болса, 2-еуі үшем.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.