Қызылорда облысында Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Ұлы Жеңіс - ұрпаққа аманат» атты салтанатты шара өтті. Оған аймақ жұртшылығы, тыл ардагерлері қатысты.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі - кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары біз үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді» деп ерекше атап өткен болатын. Соғыс жылдары Сыр өңірінен 70 мың азамат майданға аттанып, оның 30 мыңнан астамы қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті. Биылғы Жеңіс мерекесін өңірде 4 майдангер қарсы алуда. Екі ғасырдың, алапат соғыстың куәгерлері, батыр аталарымызға барша Сыр жұртшылығы атынан амандық тілейміз, алдарыңызда бас иеміз», - деді аймақ басшысы көпшілік алдында. 

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен қаhармандар құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл қойылды. 

Сондай-ақ, Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері Төлеген Жүнісов және Әбдірахман Бәйтіковтің үйіне арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын табыстады. 

«Біз Отан үшін от кешкен аға буынның ерен ерлігі мен еселі еңбегінің арқасында бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Өскелең ұрпақ ардагерлеріміздің даңқты жолы мен қаһармандық шежіресін үнемі үлгі тұтады», - делінген Президент құттықтауында.

Ардагерлерге құрмет көрсетуге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев та барды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Төлеген Жүнісұлы 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, Украинаны жаудан азат етуде ерліктің ерекше үлгісін көрсетті. Берлинге дейін жеткен майдангер жеңістен кейін елге қайтарылмай, патрульдік қызмет атқарған. 1946 жылы елге оралған соң өз ауылында бейбіт еңбекке араласты. Теміржол саласында жол монтері болды. 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етті.

Жауынгерлік ерлігі үшін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне - 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне - 70 жыл» және бейбіт күнде «Еңбек ардагері», «Астанаға - 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Бүгінде ақсақал 2 қыз, 1 ұлынан тараған 8 немере, 2 шөберенің атасы.

Ал Әбдірахман Бәйтікұлы 1942 жылы Ашхабад қаласындағы командирлер дайындайтын курсқа түсіп, оны аяқтамастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы елге оралған. ҰОС жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуковтың ІІ дәрежелі медалімен, «Қарулы күштердің 50 жылдығы» орденімен, «Жеңіске 20, 30, 40, 55, 65, 70, 75 жыл», тағы да бірнеше медальдармен марапатталды.

1944 жылы соғыстан оралған соң «Кооператор» (кейінгі атауы «Комсомол») колхозының қой шаруашылығында есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған. Бүгінгі күні 10 баладан тараған 30 немере, 35 шөберенің атасы.

Еске салсақ, соғыста Сыр елінің 21 азаматы ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. Ал 20 мыңнан астам жауынгер орден- медальдармен марапатталды.

Бүгінде аймақта соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген 3948 ардагер бар. Мерекеде барлығына бюджеттен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. 4 ардагерге 2 млн 500 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

Сондай-ақ облыста соғыста қаза тапқан жауынгерлердің 7 жесірі, соғыс кезінде жараланған, контузия алып, мертіккен немесе ауру салдарынан қаза тапқан мүгедек жұбайы не зайыбы бар 4 адам тұрады. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және соғыс кезінде алған жарақат салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілгендер саны 1894 адамды құрайды.