Қызылорда облысында жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Арал қаласындағы жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытының ашылу рәсіміне қатысты.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

-Баршаңызды жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытының ресми ашылуымен құттықтаймын! Сондай-ақ маңызды жобаны Арал ауданында жүзеге асырғаны үшін жеке инвесторға зор ризашылығымды білдіремін. Бұл - еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындары ашылатын маңызды жоба. Өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға тың серпін береді деп сенемін, - деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Тоғыс - Аралотын» серіктестігі жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытына 1,8 млрд. теңге қаржы салған, жылдық қуаты 40 мың тонна. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік қолдау аясында 4 гектар жер телімі беріліп, қажетті инфрақұрылым тартылды. Зауыт өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, көршілес мемлекеттерге де экспортталады.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров, ел ағалары Имамадин Оңғарбаев, Нұралы Оспанов сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.