«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы өңірдегі су айдындары мен табиғи аумақтарды сақтау үшін жыл сайын табиғатты қорғау бағытында су жіберу жұмыстарын жүргізеді.
Биыл Жаңақорған ауданына 82,4 млн текше метр, Шиелі ауданына 72,3 млн текше метр, Қызылорда қаласына 73 млн текше метр су бағытталды. Сондай-ақ Сырдария ауданына 174,4 млн текше метр, Жалағаш ауданына 166,2 млн текше метр, Қармақшы ауданына 72,4 млн текше метр су жіберілді.
Қазалы ауданына 230,7 млн текше метр, ал Арал ауданына 10 млн текше метр су бөлінді.
– Бұл жұмыс Қызылорда облысының экологиялық тепе-теңдігін сақтауға, жергілікті флора мен фаунаны қорғауға бағытталған. Қоршаған ортаны сақтау өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті, сондай-ақ өңір экономикасын дамытуға ықпал етеді, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.
Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес облыстағы 181 көл жүйесіне, сондай-ақ шабындықтар мен жайылымдарға су жіберу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жыл соңына дейін экологиялық мақсатта тағы шамамен 360 млн текше метр су жіберу жоспарланған. Осылайша, жыл қорытындысында табиғатты қорғау мақсатында бағытталған су көлемі 1,2 млрд текше метрден асуы мүмкін.
Айта кетейік, су нысандарын жаңғыртуға француз технологиялары тартылады.