Жанармай құю станцияларындағы сұйытылған газдың қазіргі құны компаниялардың оны өндіруге және жабдықтарды жаңартуға жұмсайтын шығындарын өтеуге жетпейді.
Белгіленген шекті көтерме баға тоннасына (қосымша құн салығынсыз) 40,3 мың теңге болса, сұйытылған газды өндіру құны өндіретін зауытқа байланысты тоннасына 50-72 мың теңгені құрайды. Белгіленген шекті көтерме баға елдегі жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасын төмен ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде Қазақстанда сұйытылған газды тұтыну негізінен автокөлік жүргізушілері есебінен өсіп отыр, ал өндіріс көлемі төмендеуде.
«Бүгінде кәсіпорындардағы сұйытылған мұнай газын өндіру шығыны министрлік бекіткен сұйытылған мұнай газының бағасынан асып түседі. Бұл ретте қондырғылардың пайдалану мерзімін ескере отырып және үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету мақсатында зауытқа үнемі жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу қаржылық шығындарды талап етеді. Олардың қатарында жабдықты жаңарту, тозған бөлшектерді ауыстыру және компрессорларды механикалық қоспалардан тазарту, жабдықтардың жай-күйін талдау және өзге де жұмыстар бар. Жалпы бұл шығыны өтелмейтін өнім болып отыр» – деді «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусінов.
Кәсіпорын Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай кен орындарындағы ілеспе мұнай-газын және Оңтүстік Ақсай кенішінен шығатын табиғи газды өңдейді. Нәтижесінде Қызылорда облысы тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға жуық сұйытылған газ өндіріп отыр.
Сұйытылған газ өндіруге инвестиция салу мүмкіндігі бар жер қойнауын пайдаланушылар, бұл өнімді өндіру тиімсіз болғандықтан қызығушылық танытпайды. Оны өндіруді жалғастырып жатқан жер қойнауын пайдаланушылар мұны шикізатты өндіретін өңірлер алдындағы әлеуметтік міндеттеме ретіндео рындайды.
Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі шығындары өтелмейтін сұйытылған газ өндіретін кәсіпорындармен бірге сұйытылған газдың өндіріс құнын өтей алатындайб аға белгілеу мәселелерін талқылауда.
«Шынымен де, бүгінде нарықта компанияларда сұйытылған газды өндіруге кеткен шығындар өтелмейтін жағдай қалыптасты. Сұйытылған мұнайгазын өндіру рентабельсіз болғандықтан сала шығынға ұшырауда, жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды. Жаңғырту мен жоспарлы жөндеуге қаражаты жоқ өндіріс орындарының апатты тоқтаулары жиілеп, елді сұйытылған газдың қажетті көлемінсіз қалдыру қаупі бар» - деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібідепартаментінің директоры Бақытжан Таубаев.