Қызылорда облысындағы Жанкент шаһарының іргетасы бесінші ғасырда қаланған ба
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында орналасқан көне Жанкент шаһарының іргетасының қалануына байланысты жаңа деректер пайда болды. Зерттеушілер шаһардың пайда болу мерзімі бесінші ғасырға дейін созылуы мүмкін екенін айтады.
Қазірге дейін тарихи нысанды зерттеуші ғалымдар Жанкенттің қалыптасу кезеңі IX–XI ғасырларға сәйкес келетіні жөнінде болжам жасап жүрген еді. Бүгінде тарихи нысаннан көптеген жан-жануардың сүйегі табылып, аталған тұжырымға бірқатар өзгеріс енгізуге тура келіп отыр. Мәселен, Жанкенттен дала мысығы атанған мәліннің кездесуі архелогтардың тарихи нысанның қалыптасуына байланысты өзгеше болжам жасауына алып келді.
АҚШ-тың Оксфорд университетінің археолог-палеозоологы Эшли Харуды осы бағытта тың мәліметтерді жинақтап отыр. Ол Қызылордаға Қорқыт ата университетінің шақыртуымен келді.
«Жергілікті әріптестерім қала орнынан түйе, сиыр, жылқы, қой, тіпті мысық пен балықтың да сүйегін тапқан. Сондықтан келешекте осы бағытта жан-жақты зерттеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, мысықты қолға үйрету Иран немесе Египеттен басталды деген деректер айтылады. Ендігі кезекте басқаша болжам жасауға негіз бар», - дейді ол.
Көне қала Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылы аумағында орналасқан. Тарихшылардың айтуынша, Жанкент оғыз еліне жүздеген жыл астана болған. Жанкент Ұлы Жібек жолында жатқан сауда-саттықтың үлкен қаласы ретінде танылған.
Кейінгі жылдарда Жанкент қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге баса назар аударылып отыр.