Қызылорда облысының диқандары егістіктің 98%-ын суарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы қажетіне жоспарланған судың 90,5%-ы алынды, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Бүгінгі таңда өңір бойынша жалпы су алу көлемі 3,03 млрд текше метр, ал жоспарланған көрсеткіш — 3,35 млрд текше метр. Қалған 9,5% су суару маусымы аяқталғанға дейін алынады. Қазіргі уақытта облыста су бес магистральдық және үш шаруашылықаралық канал арқылы кезекпен беріліп жатыр. Бүгінде өңірдегі егістіктердің 98%-ы кезекпен суарылып жатыр. Қызылорда облысындағы егістік алқаптарына су беруді жақсарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі ирригациялық каналдарға жылжымалы сорғы қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізді. Барлығы 324 агрегат орнатылды.
— Қызылорда облысындағы «Қазсушар» филиалы жергілікті диқандармен су беру бойынша 1 015 келісімшарт жасасты. Қазір өңірде министрліктің жұмыс тобы суармалы судың әділ бөлінуіне мониторинг пен тұрақты бақылау жүргізіп жатыр, — деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Еске сала кетсек, Қазақстанның оңтүстігінде вегетация кезеңі биыл 20 күнге ерте басталды. Бұған жоғары температура мен жауын-шашынның болмауы себеп болды.