Қызылорда облысының қаржы үнемдеу тәжірибесі республикалық деңгейде таныстырылды

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қызылорда облысының қаражатты тиімді пайдалану тәжірибесін республикаға үлгі ретінде қолдануды тапсырған болатын. Осы орайда, Қызылордада әлеуметтік салаға бағытталатын бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы республикалық семинар-кеңестің секциялық отырысы өтті.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, үнемдеу бағытындағы жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет баяндады.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл облыс бюджеті 823 млрд 400 млн теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті. Оның 477 млрд 600 млн теңгесі (58%-ы) әлеуметтік салаға бөлінді.

Соңғы 3 жылда білім, мәдениет және спорт салаларына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына жүргізілген мониторинг қорытындысымен бірқатар шығыс ықшамдалды. Қаржылық заңсыздықтың алдын алуда нақты шаралар қабылданды.

Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыстың тиімді игерілуін 2023 жылы қолданысқа енгізілген «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы арқылы бақылау мүмкіндігі туды, яғни жалған тіркелген балалар анықталды. Сонымен бірге 2023-2025 жылдары мобильдік қосымша арқылы балалардың күнделікті балабақшаға келуі қадағаланып, емхананың жалған анықтамаларын, негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен 41 млрд теңге үнемделді.

Орта білім беру саласында бірінші кезекте мектептердегі сынып жиынтықтары мен оқушылардың толымдылығы зерделенді. Екі жылда 76 сынып жиынтығынан 968 млн 900 млн теңге ықшамдалды.

Мектеп директорлары жұмысты өз дәрежесінде орындамағандықтан, сағат бөлінісінде кемшіліктерге жол бергендіктен, толық емес жүктемемен еңбек ететін адам саны 5000-ға жеткен. Толық емес жүктемемен еңбек ететін 975 штаттық бірліктегі 3762 педагогтің мәселесі шешімін табуына байланысты 6 млрд 200 млн теңге үнемделді.

Сондай-ақ 7 бастауыш, 7 кешкі мектептің желісі қысқартылып, жыл сайын 720 млн теңге көлемінде үнемделеді.

Атқарылған шаралар және басқа да шығыстарды қайта қарау нәтижесінде жалпы 15 млрд 600 млн теңге ықшамдалды. Бұдан бөлек, сұйық отынмен жылытылатын 198 білім беру мекемесіне 1 жылға қаралатын 5 млрд теңгенің мақсатты жұмсалуы да қатаң бақылауда.

Соңғы үш жылда 7,8 млрд теңгеге 24 мектеп күрделі жөндеуден, 2,6 млрд теңгеге 79 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Оған қоса 22,9 млрд теңгеге 6 мектепке қосымша ғимарат, 12 жаңа ғимарат салынды.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Білім беру мекемелері 3,5 млрд теңгеге пәндік кабинет, интерактивті панель, ЛЭД экран және робот құрылғылармен қамтылды, 2,1 млрд теңгеге қауіпсіздікті қамтамасыз ету, яғни бейнебақылау жүйелері, турникет, дабыл нүктелері орнатылды, 861,6 млн теңгеге жылу жүйелері жаңартылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған мектептер мен басқа да жаңа нысандарды ұстап тұру қаржысы жыл басында бекітілген қаржыны оңтайландыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Балаларға арналған шығармашылық және спорттық тапсырысты қолдауға 2021-2025 жылдарға 28,6 млрд теңге қаралып, 12,6 млрд теңге игерілді. 2023 жылдан бері 13 млрд теңгесі, биыл 9,6 млрд теңге бөлініп, оның 6 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалған 2,7 млрд теңге мәслихат шешімімен облыстық білім басқармасына ауыстырылды, 1 маусымнан бірыңғай мемлекеттік тапсырыс пилоттық жобасы іске асырылып жатыр.