Қызылорда облысының медицинасында қандай мамандар жетіспейді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Kazinform тілшісі анықтағандай, Қызылорда облысында аймақтық дәрігерлерге сұраныс жоғары.

Фото: Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Тапшылық қала мен ауылда бірдей байқалады.

— Осы уақытқа дейін реаниматолог көбірек жетіспейтін, бүгінде бұл тапшылық сейілді. Аудандарға акушер-гинекологтар аса қажет. Емханаларда балалар хирургі, УЗИ-ге түсіретін және аймақтық дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан кейде екі ауылға ортақ бір учаскелік дәрігер жұмыс істейді. Жас мамандардың көпшілігінің тар буынды маман біліктілігін алуына байланысты учаскелік дәрігерлерге сұраныс жоғары болып тұр. Жылда медициналық оқу орындарымен түлектерді жұмысқа қабылдау жөнінде уағдаластық жасаймыз. Соған қарамастан әлі де жетіспеушілік бар. Жергілікті бюджет есебінен оқытылатын дәрігерлерден бөлек өз еркімен жұмысқа келетін дәрігерлердің санын көбейтуге тура келеді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта.

Маман тапшылығын азайту мақсатында өңірге өте қажет медициналық мамандықтар бойынша 197 резидент, жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша 190 білім беру гранты бөлінді.

— Кейінгі екі жылда елді мекендерге барған аса тапшы 14 жас маманға жергілікті
бюджет есебінен жүз еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 8,5 миллион
теңгеден біржолғы жәрдемақы төленді. Биыл мемлекет көмегін 10 аса тапшы маманға
беру жоспарланып отыр. Бұл шаралар өз кезегінде 2-3 жыл көлемінде саланы дәрігерлермен толығымен қамтамасыз етуге, тар буынды мамандар тапшылығын
мейлінше азайтуға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.

Еске салайық, Қызылорда облысындағы стационарларда күн сайын ересектерге 70, балаларға 30 түрлі ота жасалады.