Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» ҰКП «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына мониторинг жүргізу бойынша жобаны іске асыруда.
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша 55,1 млрд теңге сомаға артық өсудің алдын алдық, оның жартысы — 26 млрд теңге (немесе 47%) бюджетке қайтарылды. Қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарады. Жоспарлы баға төмендеді немесе осы ақша шеңберінде сатып алынатын тауар саны ұлғайды.
Мәселен, СҚО-да 230 млн теңгенің заңсыз жұмсалуына жол берілмеді. Агенттік Петропавлда теледидар мұнарасына арналған жарықдиодты жабдықты монтаждау бойынша жұмыстарды сатып алу төтенше жағдаймен байланысты болмаса да, төтенше жағдайларды жою сылтауымен жүргізілгенін анықтады. Нәтижесінде шарт бұзылып, бюджет қаражаты қайтарылды, - деп жазды Антикордан.
Қарағанды облысында мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 9 млн теңгеге 18 мың бөтелке ас сірке суын сатып алуды жоспарлаған, бұл мекеменің қажеттілігінен едәуір асып түседі (барлығы 460 адам). Сонымен қатар, бір бөтелкенің бағасы 300 теңге нарықтық құнынан 500 теңгеге дейін көтерілген, бұл шығындарды 3,5 млн теңгеге арттырды. Антикордың араласуынан кейін сатып алу тоқтатылды, ал бюджет шығыны 9 млн теңгеге үнемделді.
- Сол сияқты, Қызылорда облыстық филармония 300 қабырға суретін орташа нарықтық бағасы бірлігіне 20 мың теңге бола тұра 48 млн теңгеге (бір картинаға 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Құнның артуы 42 млн теңгені құрады. Антикордың ұсынысынан кейін сатып алу тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды, - делінген ақпаратта.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.
Айта кетейік, Антикор бұған дейін Қазақстанның туризм саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексереді.