Ғылыми зерттеу нәтижесінде Қазалы және Перовск уездерінің ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы тарихына қатысты 140 парақтан астам құжат көшірмесі алынды.
- Сондай-ақ облыс орталығында орналасқан Христос Спаситель шіркеуінің сызбасы алғаш рет музей қорын толықтырды. Бұл – мемлекет қорғауындағы сәулет өнері ескерткіші. Құжатта негізінен жаңа шіркеудің салынуына байланысты 1890 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілген жұмыс, оған қатысқан заңды тұлғалар туралы ақпарат қамтылған, - делінген хабарламада.
Шіркеу салу қажеттілігі патшалық Ресей әскерінің келуіне байланысты христиан дінін уағыздаушылар көбейгесін пайда болған. Осылайша 1855 жылы поп Л.Гороховскийдің жетекшілігімен Перовскіде жылжымалы шіркеу ашылды. Кейін жаңа ғимарат салынып, ол өз тарихында әртүрлі мақсатта қолданылды. 1989 жылдың мамыр айынан бастап ескі ғимарат қайтадан православ шіркеуіне айналды.
Музей қызметкерлері архив құжаттарын жан-жақты талдап, зерттеп болғаннан кейін нәтижесін бөлісетінін мәлімдеді.