Қызылорда – Сексеуіл жолы І санатқа дейін жаңғыртылады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда-Сексеуіл автожолын дамыту жобасы аясында облыс орталығында айналма жол құрылысының қарқыны күшейді.

Фото: Көлік министрлігі

Қызылорда қаласынан Арал ауданының Сексеуіл кентіне дейінгі көлік жолын ІІ техникалық санаттан І санатқа көтеру жобасының бірінші кезеңін жүзеге асырушы – «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ.

- Құрылыс алаңында 80 жұмысшы мен 60-тан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жұмыс қарқынын арттыру мақсатында ауысымдық тәртіп енгізілген, яғни жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 25,8 шақырым айналма жолдың бойында 4 көпір, 2 жолайрық, 1 демалыс алаңы және 9 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған, - делінген компанияның Қызылорда облыстық филиалы таратқан мәліметте.

Қазіргі уақытта жол негізін дайындаумен қатар инженерлік құрылыс орнатылып жатыр.

Айта кетейік, аталған жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіреді және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға, маршруттың өткізу қабілетін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға және өңірлер арасындағы көлік қатынасының сапасын жақсартуға бағытталған.