Қызылорда тұрғындары жасөспірімнің өлімінен кейін орталық алаңдағы қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Тұрғындар орталық алаңдағы ойыншық көліктерді жалға беру қызметі мен ондағы тәртіпке қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Марқұм қала мектептерінің бірінде 9-сыныпта оқыған. Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған анасының жазбасына сүйенсек, ұлы бос уақытында оған орталық алаңда ойыншық көліктерді жалға беру арқылы табыс табуға жәрдемдескен. Айтуынша, 21 қазан күні кешкілік екі кәсіпкерге жалданып жұмыс істейтін балалар арасында клиентке талас пайда болған. Келіспеушілік кезінде қарсы тараптағы балалардың бірі мұның жүрек тұсына бұрағыш тығып алған. Жасөспірім ауруханаға жеткізілгенімен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмапты.

Қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары орталық алаңдағы қауіпсіздік мәселесіне мән берді. Тұрғындардың айтуынша, ойыншық көліктерді жалға беру қызметі мен серуенге арналған көліктердің қозғалысы жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызады.

- Қызылорданың орталық алаңы халықтың алаңсыз демалатын орны ма әлде жалға берілетін ойыншық машиналар мен серуен көліктерінің жарыс алаңы ма? Балалар мен үлкендер жан-жағына жалтақтап, көлік қағып кетпесін деп сақтанып жүруге мәжбүр. Бұл туралы әлеуметтік желіде тұрғындар талай шағымданды. Жақында осы алаңдағы жанжал салдарынан 14 жастағы жасөспірімнің қаза табуы – үлкен қасірет. Орталық алаң – кәсіпкерлердің жеке меншігі емес, халық демалатын қоғамдық орын, - делінген Instagram әлеуметтік желісіндегі Критика Қызылорда парақшасында.

Орталық алаң тұрғындардың демалуына арналғандықтан ондағы қызмет түрлері қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылуы керек. Келушілердің басты талабы – осы.

Қызылорда қалалық полиция басқармасы бүгінде аумақ толық бақылауға алынғанын атап өтті.

- Қызылорда қаласының аумағында учаскелік полиция инспекторлары тарапынан заңсыз сауда-саттықпен айналысқан тұлғаларды анықтау және жолын кесу бағытында тиісті жұмыс атқарылып келеді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы бойынша жыл басынан бері 136 әкімшілік хаттама рәсімделді, - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.