Қызылорда тұрғындарын шошытқан оқиға: Иттер мен мысықтар қасақана уланған болуы мүмкін
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бүгін Instagram әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласындағы үйлердің бірінің ауласында 20-дан астам ит пен мысықтың өлі күйінде табылғаны туралы бейнежазба тарады.
— Тәжібаев көшесіндегі 23-үйдің ауласында 20 шақты ит пен мысық уланып өлген. Бұл кездейсоқтық емес. Мұндай қадамға саналы түрде барған. Барлық мысық залалсыздандырылған, ешкімге зияны жоқ болатын. Оларды Ольга тамақтандырып жүретін. Көбінің күтімі бар, тіпті кейбірі тіпті қолға үйретілген еді, — делінген видеода.
Жазба авторы жағдайды көре тұра хабарламаған үй тұрғындарын да осы іске қатысушылар деп есептейтінін айтқан.
— Мұны кім істегенін білетіндер болса, жазып қалдырсыншы. Хабарламаның құпия болатынына кепілдік беремін, — деді видео авторы.
Бұған байланысты облыстық полиция департаментінен ресми жауап алдық.
— Полиция тарапынан жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Іс департаменттің бақылауында, — делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Instagram әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласында жүріп келе жатқан көлікте ерсі қылық көрсетіп тренд түсірген жастардың видеосы тарап, полиция түсініктеме берген болатын.