Қызылорда тұрғыны адамдардың жеке деректерін пайдаланып, алаяқтық жасаған

АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы алаяқтық жасаған.

Фото: ҚР ҰҚК

Ол биыл 6 наурыздағы сот үкімімен 3 жыл 1 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

«А» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденген.

Нәтижесінде республика бойынша 154 адам алданып, келтірілген мүліктік залал 12 млн жуық теңге болған. Басты сот талқылауында сотталған кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен өтеуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған.

Облыстық прокуратура мәліметінше, бүгінде ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр.

Үкім заңды күшіне енген.

Бас прокуратура алаяқтарды анықтауға жасанды интеллектіні іске қосқанын жазған едік.