Қызылорда тұрғыны полицияға хабарласып, бұрынғы жұмыс орнында бомба бар екенін айтқан

Фото: Pexels

 Қызылорда облысында мас еркек бұрынғы жұмыс орнына жарылғыш зат қойылғанын айтып, жалған хабар берген. Сот оның бас бостандығын шектеді, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылорда қаласының тұрғыны телефон арқылы Тасбөгет кентінде орналасқан медициналық мекемеге жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған.

Ғимаратты жару-техник мамандары тексерген.

Онда жарылғыш зат табылған жоқ. 

«Қызылорда облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шарасының нәтижесінде жалған хабар берген адам анықталды. Ол мекеменің бұрынғы қызметкері болып шықты. Қызылорда қаласында тұратын 47 жастағы азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүрді. Жалған хабар берген азамат қызметінен босап қалуына байланысты ашуға беріліп, мас күйінде полицияға қоңырау шалған. Қызылорда қалалық сотының үкімімен оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды», — деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада қала ортасында тапаншамен жүрген тұрғын ұсталған еді.