Қызылорда университеті «грантқа түсіреміз» деген хабарламаны жоққа шығарды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қосымша ректор грантына немесе босаған білім гранттарына оқуға түсіріп береміз» деген мазмұндағы түрлі жарнамалар мен хабарламалар тарады. Университет әкімшілігі мұның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Фото: halyq-uni.kz

— Талапкерлер мен олардың ата-аналарын тек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ресми ақпарат көздері мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған мәліметке ғана сенуге шақырамыз. Жоғары оқу орындарына қабылдау Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен қолданыстағы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Университетке қабылдау үдерісі заңнама талаптарына сай ашық әрі ресми тәртіппен жүргізіледі, — делінген хабарламада. 

Еске салайық, елімізде 123 жоғары оқу орны бар, оның 107-сі — азаматтық университет.