Қызылорда жылу электр орталығына 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда жылу электр орталығы Табиғи монополиялар туралы заңның 26-бабының 2-тармағының 15- тармақшасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті анықтағандай, кәсіпорын табиғи монополия субъектісі үшін бекітілген тарифтік сметаны орындамаған. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-тармағына сәйкес 4 млн 152 мың теңге айыппұл төлеуге тиіс болған.

- Табиғи монополия субъектісі департамент қаулысымен келіспей, Қызылорда қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына шағыммен жүгінді. Соттың қаулысымен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 829-бабының 11-тармағының 2-тармақшасы негізінде айыппұл мөлшері 30%-ға қысқарды. Нәтижесінде барлығы 2 млн 906 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі таңда айыппұл сомасы мемлекет кірісіне толық өндірілді, - делінген хабарламада.

Бұған дейін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасын тексеру кезінде кемшілік анықтаған еді.