Қызылордада 110 қап күріш ұрлаған қылмыстық топтың төрт мүшесі ұсталды

Фото: Фото: Қызылорда қалалық полиция басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қоймасынан 110 қап күріш ұрлаған қылмыстық топтың 18 жастағы төрт мүшесі ұсталды.

Бұл мақсатта Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері іздестіру іс-шарасын жүргізді.

«Іс-шара аясында қала аумағында 110 қап, яғни 2 тоннадан астам күрішті ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер жауапкершілігі шектеулі серіктестік қоймасынан 1 миллион 237 мың теңгені құрайтын «Лидер» күрішін ұрлаған. Бұл қылмыстық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп калған. Ұрлыққа қатысты қылмыстық топтың 18 жастағы төрт мүшесі ұсталып, басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан. 

Ведомство мәліметінше, күдіктілерге қатысты ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада құрылыс компаниясы 15 адамды алдап кеткен.