Қызылордада 1100-ден астам жасөспірім құқық бұзғаны үшін ұсталды

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда полициясы республикалық «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасының 2 ай 10 күніндегі ақпаратты бөлісті. 

Осы уақытта үй-жайларды аралау барысында тіркеуде жоқ 56 аңшы қаруы, яғни шолақ мылтық, 5 газды, 1 ұңғысыз тапанша және 1 иір ойықты қару тәркіленді. Одан бөлек қаруды сақтау, алып жүру ережесін бұзған 141 қару иесіне қатысты әкімшілік кодекстің 484, 486-баптарымен әкімшілік хаттама рәсімделді.

— Құқықбұзушылық жасаған 1154 кәмелетке толмаған ұсталып, оның 58-і бейімдеу орталығына жатқызылды. Қалғанына әртүрлі құқықбұзушылықтары бойынша хаттама толтырылды. Қоғамдық оқшаулаумен байланысты емес жазаны өтеу шарты мен тәртібін бұзудың 92 дерегі анықталды. Әртүрлі құқықбұзушылыққа барған 1225 адам ішкі істер органдарына жеткізіліп, қол саусақ іздері алынды, — деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Рауан Әлдешов. 

Профилактикалық іс-шара 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Департамент өкілі аймақты аралау кезінде полиция қызметкерлері міндетті түрде арнайы киім үлгісінде болатынын ескертті.

— Қызметтік куәлігін көрсетеді және заңды талаптармен ғана жүреді. Егер күмән туындаса, 102 нөміріне хабарласуды сұраймыз, — деді Рауан Әлдешов. 

Бұған дейін біз Қызылордада сыныптастарының 16 жастағы қызды сексуалды құлдықта ұстауына байланысты оқиғадағы жәбірленушінің анасы әкімшілік жазаға тартылғанын жазған едік