Қызылордада 1,4 млрд теңгеге 20 көпқабатты үйдің қасбетін жөндеп жатыр

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу жұмысы жалғасын тапты.

Қала әкімдігінен хабарлағандай, көпқабатты үйлердің қасбетін панельмен қаптау үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген.

– Бүгінде 20 үйдің қасбеті жаңаланып жатыр. Жоспар бойынша Астана, Шұғыла шағын аудандары, Тәуелсіздік, А.Тоқмағамбетов, Д.Қонаев, Е.Әуелбеков, Әйтеке би, Төле би, Т.Әбуов көшелері мен Н.Назарбаев, Абай даңғылдарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті ретке келтіріледі, - делінген әкімдік хабарламасында. 

Өткен жылы да көпқабатты 20 үйдің қасбеті линеарлы панельмен қапталды. Ол үшін бюджет есебінен 792 млн теңге бөлінген болатын. Ал демеушілік есебінен 77 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленді.

Біз бұған дейін Қызылорда қаласында «Қазақстан ұлттық урбан форумы — 2025» жиыны өткенін хабарлағанбыз.