Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 181 дүкен сатушысының алкоголь өнімін өткізу талаптарын бұзғаны анықталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулысымен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
- Сонымен қатар лицензиясы бар сауда орындарында 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь өнімін сату дерегі бойынша 30 әкімшілік хаттама рәсімделді. Ал лицензиясы жоқ дүкендердің 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімін сатуы бойынша 7 әкімшілік хаттама толтырылды. Қоғамдық орында масаң күйде жүрген, алкоголь өнімін тұтынған кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты 27 әкімшілік хаттама рәсімделді, - делінген хабарламада.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабына сәйкес мейрамхана, бар, дәмханаларда және заңда көзделген өзге де орындарды қоспағанда, алкоголь өнімін бөлшек сауда арқылы сағат 23:00-ден келесі күнгі 08:00-ге дейін сатуға, құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан асатын алкоголь өнімін сағат 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін сатуға тыйым салынады.
Тәртіп сақшылары заң талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.