ҚР Ішкі істер министрлігі мен Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері заңсыз есірткі өсімдіктерін анықтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Кезекті рейд барысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы тікұшақ арқылы әуеден бақылау жүргізген. Нәтижесінде Арал ауданына қарасты Жіңішкеқұм елді мекені маңынан екі ірі қарасора алқабы анықталды.
«Бірінші алқапты тексеру кезінде 1090 түп қарасора өсімдігі және оларды суару мен күтіп-баптауға арналған арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді. Аталған дерек бойынша үш күдікті ұсталды. Ал екінші алқаптан 849 түп қарасора өсімдігі, ерекше иісі бар шөп салынған пакет және өсімдік тұқымдары салынған пакет тәркіленді. Бұл дерек бойынша тағы үш күдікті қолға түсті», – деп хабарлады полиция.
Тергеу барысында алынған заттай дәлелдемелерге сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы тәркіленген өсімдіктердің қарасора тұқымдасына жататынын көрсетті.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның мәліметінше, «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы Қызылорда облысында есірткіге қатысты 27 құқық бұзушылық дерегі анықталған.
Айта кетейік, Қызылордада ауылдар маңынан есірткі алқабы табылды.