Трамп сейсенбіде Путинмен әңгімелеседі

Фото: Коллаж : Kazinform / Kremlin.ru / Getty Images

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC.

- Сейсенбі күні мен президент Путинмен сөйлесемін. Демалыс күндері көп жұмыс жасалды, - деп хабарлады Трамп Флоридадан Вашингтонға қайтқанда Air Force One бортында тілшілерге.

Трамп Украина өткен аптада қабылдаған 30 күндік атысты тоқтату туралы ұсынысқа қатысты Путиннің қолдауын алуға тырысып отыр. 

- Біз бұл соғысты аяқтай алу-алмауымызды көргіміз келеді. Мүмкін қолымыздан келеді, мүмкін келмейді. Бірақ менің ойымша, бізде өте жақсы мүмкіндік бар, - деді Трамп. 

АҚШ президенті ресейлік әріптесімен жер, электр станциялары және басқа да мәселелер бойынша сөйлесетінін айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф CNN-ге берген сұхбатында Дональд Трамп пен Владимир Путин келесі аптада тағы да телефон арқылы сөйлесуі мүмкін екенін айтты.