Қызылордада 200-ден астам қаруды жою науқаны өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада азаматтардан тәркіленген, ерікті түрде тапсырылған, тауып алынған қару-жарақ, оқ-дәрі және суық қаруларды заңсыз айналымнан шығару мақсатында қаруды жою науқаны өтті.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс-шара аясында арнайы техникалық комиссия құрылып, оның құрамына департамент қызметкерлері енді.
— Тәркіленген, тауып алынған, сондай-ақ қаруды ерікті тапсыру акциясы барысында барлығы 215 қару қабылданды. Оның ішінде 2 ойық ұңғылы қару, 200 тегіс ұңғылы қару, 2 шолақ мылтық, 11 газды-травматикалық қару бар, — делінген хабарламада.
Жойылуға жататын қарулар алдымен жарамсыз күйге келтірілді. Барлығы ҚР ІІМ Әскери және арнайы жабдықтау базасы мемлекеттік мекемесіне белгіленген тәртіпке сәйкес жою үшін жолданады.
Бұған дейін біз Алматы облысында заңсыз қару мен аңшылыққа қатысты 6 қылмыстық іс қозғалғанын жаздық.