Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымның заңсыз қызметін әшкерелеп, жолын кесті.
— Қызылорда қаласының тұрғыны әйелдер киімін сататын дүкен ашып, әлеуетті салымшылармен байланыс орнатқан. Кейін WhatsApp мессенджерінде «Бай қыздар» атты топ құрған. Онда «Fari_Invest» инвестициялық жобасы арқылы салынған қаражатқа жоғары табыс төленетінін, сондай-ақ белгілі бір мөлшерде қаржы салғандарға алтын бұйымдар мен «iPhone» ұялы телефоны сыйлыққа берілетінін уәде еткен. Сенімге кіру үшін бірнеше екінші деңгейлі банкте анасының атына жеке кәсіпкерлікке арналған шоттар ашқызып, оларды өз қызметінде пайдаланған. Жаңа салымшы тартқан қатысушыларға қосымша сыйақы берілетінін хабарлап, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың қаражатын жеке басының пайдасына жұмсаған, — деді департамент басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.
Сот үкімімен азаматша Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. 7 жылға азаматтардан ақшалай қаражат және инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
— Бірақ Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігімен 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдыры. Сот жәбірленушілердің азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандырды. Сотталғаннан материалдық залалды өндіру туралы шешім қабылдады, — деді ол.
Аталған қаржы пирамидасына байланысты 21 адамның материалдық шығыны 70 млн теңгеден асты.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Imrat Group қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.