Қызылордада 264 мүгедектігі бар азамат тиісті медициналық көмек алмаған

АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Арал ауданында прокуратураның араласуынан кейін 264 мүгедектігі бар азаматтың медициналық көмек алу құқығы қалпына келтірілді.

Фото: ChatGPT

Бұл туралы Қызылорда облысының прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура жүргізген талдау барысында денсаулық сақтау саласында мүгедектігі бар азаматтарға медициналық қызмет көрсету кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталған.

Атап айтқанда, созылмалы аурулары бар азаматтарды бейінді мамандардың жоспарлы қарап-тексеру талаптары сақталмаған. Соның салдарынан 264 мүгедектігі бар азамат, оның ішінде 81 кәмелетке толмаған бала тиісті медициналық бақылаудан өтпеген.

Сонымен қатар аудан бойынша ангиохирург маманының болмауына байланысты 38 азамат қажетті медициналық тексеруден өте алмаған.

«Аталған фактілер мүгедектігі бар азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының бұзылуына әкеп соққан. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша тиісті шаралар қабылданып, азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді», – деп хабарлады прокуратура.

Ведомство азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуы прокуратура органдарының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Айта кетейік, Еңбек министрлігі комада жатқан науқастар үшін мүгедектікті рәсімдеу тәртібін жеңілдетті.