Қызылордада 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы кезінде Қызылорда облысында 9 аумақтық, 136 округтік, 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс жасап жатыр.

Фото: Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Таңғы сағат 7.00-де барлығы ашылып, жұмысын бастады. 

— 386 сайлау учаскесінің 132-сі Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда орналасқан. 27 учаске азаматтардың уақытша болу орындары, яғни жабық учаскелер қатарында. Бұл учаскелерде тізімге енген азаматтар толық дауыс беріп болса, дауыс беру уақыты ерте аяқталуы мүмкін, — деп мәлімдеді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.

Фото: Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Ал вахталық әдіспен жұмыс істейтін мекемелер мен әскери бөлімшелердегі 6 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Оның 5-і — кен орны, 1-і — әскери бөлім.

Фото: Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

— Бұл учаскелерде 3504 азамат дауыс беруге құқылы. Науқанда «Құмкөл» кенішіндегі ауысыммен еңбек етіп жатқан азаматтар таңмен таласа келісіп, дауыс берді. Маңызды науқанда учаскелерде 2720 комиссия мүшесі қызмет атқарады, — делінген хабарламада.

Фото: Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Тұрғындар кешкі сағат 20.00-ге дейін өз аумағындағы учаскелерге келіп дауыс бере алады.
Айта кетейік, өңірде 501 994 сайлаушы бар.