Қызылордада 32 жеке мектептің тең жартысы жабылып қалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл қаңтар айында Қызылорда облысындағы мектепке дейінгі 13 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестациядан өтті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мәліметіне сүйенсек, 9 ұйым немесе 69,3%-ы сынақтан өткен жоқ. Айта кетерлігі, оның барлығы – жеке балабақша. 

- Мамыр айынан бастап білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау жаңа форматта жүрді. Ол 22 балабақшаны қамтыды. 13-іне анықталған кемшіліктерді 3 ай ішінде заңнама талаптарына сәйкестендіру міндеті жүктелді, - деді департамент басшысы Мәди Бекмағанбетов. 

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Жыл басында Қызылорда облысында 32 жеке мектеп бар болатын. Арада жарты жыл өтпей жатып соның тең жартысы жабылды. 

- Қаңтар-ақпан айларында 4-і өз өтініші негізінде құрылтайшының шешімімен жұмысын тоқтатты. Лицензиясы бар, бірақ білім беру қызметін тоқтатқан жеке мектептер саны – 12. Бүгінгі күні 16 жеке мектеп білім беру қызметін көрсетіп келеді, - деді департамент басшысы.

Осы уақыт ішінде жеке азаматтардың жолданымы бойынша жоспардан тыс 13 тексеру жүргізілді. 

- Мұндай тексеруге жеке мектептерде мұғалімдерді артық жұмысқа тарту, кейбір конкурстық құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі, конкурсқа түскен кандидаттардың нәтижеге қанағаттанбауы себеп. Балабақшаларда балаларға зиян келу жағдайлары бойынша ата-аналар шағымданады. Тексеру нәтижесінде 30 әкімшілік іс қозғалып, тексеру қорытындысымен лауазым иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Мәди Бекмағанбетов.

Жалпы, кейінгі кезде Қызылорда облысында жекеменшік мектептер мәселесі ушығып тұр. Оған әлеуметтік желіде қаптаған арыз-шағым дәлел.