Қызылордада 48 мыңдай тұрғынға ортақ аяқсу мәселесі қалай шешіледі

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы ұзындығы 13 800, ені 11 метр Қызылжарма каналы 1957 жылы салынған. 

Облыс әкімдігінен хабарлағандай, нысанның техникалық жағдайы айтарлықтай тозған.

Су ресурстарын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін каналды қайта жаңғыртып, заман талабына сай науамен жабдықтау қажеттілігі туындады.

— Осы бағыттағы жоба жүзеге асқанда КБИ, Коммунизм, Шанхай, Гагарин шағын аудандары мен Қызылжарма ауылдық округінде тұратын шамамен 48 мыңға жуық тұрғын аяқсумен қамтамасыз етіледі. Екінші жағынан бұл мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша және жеміс-жидек егуге, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Суару маусымында каналдан шамамен 9,3 млн текше метр су жіберіледі. Науа қойылған соң су шығыны шамамен 50% қысқарады, — делінген хабарламада. 

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Мердігер«Бақ-Береке 2030» серіктестігі келісімшарт бойынша ол жерге 14 ай ішінде 9 488 метр науа орнатып, 34,3 гектар аумақты тазалап, монолитті темірбетон конструкцияларын тұрғызуы қажет. Одан бөлек жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер мен су шығару құрылғыларын қояды. 

Бұған дейін біз облыс орталығында биыл қандай көшелер жөнделетіні туралы жазған едік.