Қызылордада 500-ге жуық үйге газ датчигі тегін орнатылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қызылорда облысында 396 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға көп.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, тілсіз жаудан 5 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды.
– Өрт оқиғаларының 20-сы жылу маусымы басталған, яғни қазан айынан бері тұрғын үйлерде тіркелді. Абырой болғанда көз жұмғандар мен жарақат алғандар жоқ. Газдан улану жағдайлары да тіркелмеді. Өрт оқиғалары негізінен тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан пайда болады, - деді департаменттің басқарма бастығы Асхат Оразбеков.
Өрт сөндірушілер осыған дейін өңірдегі 22 мыңға жуық тұрғын үйдің ауласын аралап, тұрғындарды қауіпсіздікті сақтауға шақырды.
– Әлеуметтік осал топтағы 500-ге тарта отбасыға жергілікті бюджет қаражаты есебінен табиғи газды анықтайтын датчик сатып алып, орнаттық. Тұрғындарға оны пайдалану ережесін түсіндірдік. Бұл датчиктер газдан улану фактілерінің алдын алуға көмектеседі, - деді Асхат Оразбеков.
Бұған дейін өткен жылу маусымында Жетісу облысында 187 өрт тіркеліп, 14 адам көз жұмғанын жазғанбыз.