2021 жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны — 311 млн теңге.
— Ол ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданының тұрғындарын қолжетімді бағадағы сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Бұл қаражатқа 1600 қой, 130 ірі қара мал және ет қаптайтын жабдық сатып алуы керек болған. Тергеу деректеріне сәйкес мал сатып алынғаннан кейін серіктестік басшысы қаражаттың бір бөлігін шығару схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды, — делінген департамент хабарламасында.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық процессуалды кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді.
Ал жуырда Қызылорда облыстық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтағанын жазғанбыз.