Театрдың кезекті маусымында шығармашылық ұжым көрерменге жеті жаңа қойылым ұсынды. Оның ішінде Х. К. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» қуыршақ қойылымы, Ә.Асановтың «Өз-аға» деректі драмасы, А. Н. Островскийдің «Найзағай» драмасы, Э. Р. Распенің балалар мен ересектерге арналған «Мюнхгаузеннің әлемі» ертегісі және тағы басқа қойылымдар бар.
— 2025 жылдың алғашқы жартысында театр ұжымы кәсіби белсенділік танытып, шығармашылық табыстарға қол жеткізді. Артистер түрлі деңгейдегі байқаулар мен мәдени іс-шараларда биіктен көрініп, жоғары жетістіктерімен ерекшеленді. Театрдың 70 жылдық мерейтойы аясында «Сырдың Сәбирасы — І» атты халықаралық фестивальді ұйымдастырды, — делінген хабарламада.
Өнер ұжымы жетпісінші маусымын жаңа форматтағы жаңа жоба — «Бір толқын» атты концерт- спектакльдің премьерасымен қорытындылады.
Ал жуырда Қызылордада қаланың Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасының астанасы болғанына 100 жыл толуына орай «Үш дәуірдің астанасы — Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы өтті.