«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалы мен көліктік бақылау инспекциясы мамандары күрежолда бақылауды күшейтті.
Ақылы жолға төлем жасамай жүрген транзиттік жүк көліктері анықталса, олардың қозғалысына шектеу қойылады.
«Айта кетсек, Қызылорда-Шымкент бағытындағы төрт жолақты ақылы ретінде белгіленген. Жол бойында өз еркімен төлемейтін азаматтар кездеседі. Транзиттік автокөліктерден күніне оны өндіру барысында 2 миллионға дейін ақша түсіп жатыр», — деді «Қажсервис» ЖШС Қызылорда облыстық филиалының директоры Нұрбол Абызбаев.
Республикалық маңыздағы автожолда жазғы маусымда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына таңертеңгі 10.00-ден 22.00-ге дейін шектеу қойылған.
Сондай-ақ бір білікке түсетін салмақ 9 тоннадан аспауы керек.
Облыста заң талаптарына бағынбай асыра жүк тиеп алу деректері тыйылмай тұр.
«5 маусымнан „Назар аударыңыз, ауыр салмақ автокөлігі!“ акциясы басталды. Инспекциямен қазіргі таңда 60-қа жуық салмақты параметрлерін сақтамаған деректер анықталды. Республикалық бюджетке 23 миллиондай өндірілді», — деді облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Гүлмира Пірназарова.