Қызылордада алимент өндіру бойынша 500-ден астам іс тиісті бақылаусыз қалған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында алимент өндіру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруда бірқатар жүйелі кемшіліктер анықталды.

Фото: freepik.com

Облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалығымен алимент өндіру мәселелеріне арналған көшпелі алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Әділет департаментінің, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының басшылары мен өкілдері қатысты.

Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау, алимент өндірудің тиімділігін арттыру және қасақана жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты шараларды күшейту мәселелері қаралды.

Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде атқарушылық өндірістерді жүргізу кезінде қайталанатын заң бұзушылықтар анықталған.

– 500-ден астам алимент өндіру туралы өндіріс атқарушылық іс қозғау қаулысын қабылдаумен ғана шектеліп, әрі қарай тиісті жұмыстар жүргізілмеген, – деп хабарлады облыстық прокуратура.

Тексеру барысында 12 борышкердің жалақысына өндіріп алу шаралары қолданылмағаны, 45 адамның мүлкі мен банк шоттарына шектеу қойылмағаны және 362 борышкерге шетелге шығуға тыйым салынбағаны белгілі болды.

Мәселен, Байқоңыр қаласында миллион теңгеден астам берешегі бар борышкерге уақытында шектеу қойылмағандықтан, ол бірнеше рет Өзбекстанға барып келген. Сонымен қатар кейбір жағдайларда борышкерлердің шетелдік тіркеудегі көліктері бола тұра, олардың қарызын өндіру бойынша шаралар қабылданбаған.

Жиында қасақана алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту жұмыстарының жеткіліксіздігі де сынға алынды.

– Алқа мәжілісінде Бас Прокурордың қасақана жалтарған борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту тәртібі туралы нұсқауы түсіндіріліп, осы бағыттағы бірлескен іс-қимыл жоспары мен жұмыс алгоритмі талқыланды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Жиын қорытындысында уәкілетті органдарға алимент өндіру жұмыстарын күшейту, қаскөй борышкерлерге қатысты заң талаптарын қатаң қолдану және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, БҚО тұрғыны алимент төлемегені үшін 6 айға бас бостандығынан айырылды.