Қызылордада аптап ыстық қашанға дейін жалғасады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында бірнеше күннен бері аптап ыстықтың беті қайтар емес.

Фото: Қызылорда әкімдігі

Kazinform тілшісі мұның қашанға дейін жалғасатынын «Қазгидромет» РМК Қызылорда облыстық филиалынан сұрап білді. Синоптиктердің айтуынша, бұған Өзбекстаннан келген құрғақ жылы ауа райының массасы әсер етіп отыр.

Фото: Қызылорда әкімдігі

- Облыста жауын-шашынсыз әрі қатты ыстық ауа райы 18-19 шілдеге дейін жалғасады. Ауа температурасы түнде 28-33°C-ге көтерілсе, күндізгі температура облыстың басым бөлігінде 40-45°C, оңтүстігінде 47°C болып, күн қатты ысиды. 19-20 шілдеден, яғни шілде айының үшінші онкүндігінен бастап қана ауа температурасы аздап төмендейді. Сондай-ақ облыстың солтүстігі мен орталығында секундына 15-20 метр жел, шаңды дауыл соғады, - деді филиалдың бөлім басшысы Әйгерім Жөкелова.

«Қазгидромет» өкілі дәл мұндай жоғары температура Қызылорда облысында 2023 жылы тіркелгенін айтты.

Бұған дейін біз әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының тұрғындары тарапынан аптап ыстықта жарықтың әлсін-әлсін өшуіне байланысты шағым жиілегенін жазған едік.