Қызылордада Аrt sport бағдарламасына бөлінетін қаржы екі есе үнемделеді

Фото: Фото: Pexels

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Amanat партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Онда Аrt sport бағдарламасының жүзеге асырылу барысы сөз болды.

Бұқаралық спортты дамыту, балалардың спорт үйірмелеріне тегін баруы, осы мақсатқа бөлінген мемлекет қаржысының игерілуі жөнінде облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев баяндама жасады. 

Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 2021-2025 жылдарға облыс бойынша 28,6 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 12,1 млрд теңгесі игеріліп, 7 млрд теңге бюджетке қайтарылған. Өткен жылы 5,2 млрд теңге жұмсалса, биыл бұл сома екі есе үнемделеді. 

– Арнайы жұмысшы тобы бұл бағыттағы жұмыстарды тексерді. Нәтижесінде 310 кәсіпкердің 215-імен келісімшарттар біржақты бұзылған. Қазіргі уақытта Art Sport бағдарламасына 52 кәсіпкер тартылған. Заңсыздықтардың алдын алу мақсатында үйірмелер мен спорт секцияларына Face ID жүйесі орнатылды, – деді басқарма басшысы. 

Жиынға қатысушылар ұсыныстарын жеткізді. Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Балжан Шәменова бағдарлама шарапаты қала, кент, аудан орталықтарымен шектелмей, ауылдарға да жету керек екенін атап өтті.

– Оған бөлінген қаржының игілігін қала мен аудан орталықтарындағы балалар ғана көріп отырған секілді. Себебі шалғай ауыл мектептерінде дене шынықтыру сабағынан басқа балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жоқ. Ауыл балалары ауылда туғанына кінәлі емес. Сондықтан бағдарламаны елді мекендерге дейін жеткізіп, ауыл балалары да оның жемісін көруі керек, – деді Балжан Шәменова.

Бұған дейін Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша зерделеу жұмыстарында бірқатар кемшіліктер анықталған еді.