Қызылордада ауыл шаруашылығы санағына жұмыссыздар мен студенттер тартылады

Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 1 тамыз бен 20 қазан аралығында елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді.

Санақ барысында Қызылорда облысынан 89 мыңнан астам үй шаруашылығы, 11 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі қамтылады деген жоспар бар.

— Маңызды науқанға дайындық 1,5 жыл бұрын басталған. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Осы уақыт ішінде қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Өткен жылы біз Қызылорда қаласында, Сырдария ауданындағы А.Тоқмағанбетов және Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаев ауылдарында пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткіздік. Онда ақпараттық жүйелерімізді, әдістемеміз бен дала жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктерін сынап көрдік, — деді Ұлттық статистика бюросы Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының халықаралық ұсынысына сәйкес санақ әр бес-он жыл сайын өтіп тұруы керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілген. 

— Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде санақ өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы кезеңдерін қамтыды. Ал биыл барлығы бір мезетте өтеді. Санақ жүргізуге жұмыссыз азаматтар мен студенттер, сондай-ақ ниет білдіргендер санатынан 200-ге тарта адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, — деді Қайрат Әбсұлтанов.

Негізгі санақ басталғанға дейін мамандар 1-30 маусым аралығында Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларында жеке қосалқы шаруашылықтарын аралайды. Сауалнамадан өтуі тиіс үй шаруашылықтарының тізімін нақтылайды. 

Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Оның өзі онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Онлайн түрде өту ыңғайлы болу үшін жергілікті әкім аппараттары мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады. 

Айта кетейік, елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге 3,7 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді.