Қызылорда облысында өңір тұрғындарын сапалы әрі қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті биыл алғашқы жарты жылда мониторинг шеңберінде орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіш үшін 570-тен астам су сынамасын алды.
— Сынамалардың 20-дан астамы талапқа сәйкес келген жоқ, бұл — жалпы көрсеткіштің 3,64%-ы. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 580-нен астам сынама алынып, оның 40 шақтысында сәйкессіздік анықталды. Талапқа сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы — 6,88%. Су құрамында көбіне құрғақ қалдық, хлорид және сульфаттың нормадан жоғары екені анықталды, — деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.
Бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы бері мамандар халық көп демалатын орындардан 120-дан астам су сынамасын алып, зерттегенін жазған едік.