Қызылордада аурухана кереуетінің бағасын үш есе көтеріп сатқандар сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының №2 сотында медициналық кереуеттердің сатып алу бағасын үш есе көтеріп, мемлекет қаржысын жымқыру фактісі бойынша үкім шықты.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушы Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас есепші қызметін атқарып жүріп, ауруханаға медициналық функционалды керуеттер сатып алу барысында азаматтық некедегі жұбайымен және оның інісімен алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде қаржыны жымқырып, мемлекетке жалпы сомасы 157 млн 696 мың теңге залал келтірген.
– Сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында сотталушылар, қорғаушылар және жәбірленушінің өкілі арасында кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім жасалған. Сотта келісімді жасау шарттары мен талабының сақталғаны, сотталушылардың шын ниетпен өкінуі, қылмыс нәтижесінде келтірілген залалдың қалпына келтірілгені анықталды. Сот үкімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен 6 жылға белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сондай-ақ оларға мүлкін тәркілеусіз 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. 2025 жылғы 23 маусымдағы Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңның 3-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес негізгі жаза мерзімінің үштен бір бөлігін қысқартып, сотталушыларға түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыру жазаларын шартты жаза түрінде өтеу белгіленді, - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.