Мамандардың айтуынша, өткен күзге қарағанда биыл күн райы 1, 2 °С-ге төмен болып тұр.
— Қыркүйек айында орташа ауа температурасы 18, 20°С, яғни жылдағы мөлшер шамасында. Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз күтіліп отыр. Ал солтүстік батыс аудандарда, яғни Арал мен Қазалыда жауын көбірек түседі. Қыркүйектің екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 7, 20°С, күндіз 20, 25°С-қа төмендейді. Дегенмен, үшінші онкүндікте қайтадан жоғарылайды. Күндіз 25, 28°С, түнде 10, 15°С-қа көтеріледі. Айдың соңына қарай күн суи бастайды. Топырақ бетіне үсік түсуі мүмкін, — деді «Қазгидромет» филиалы метеоболжау бөлімінің бастығы Әйгерім Жөкелова.
Қазан айында ауаның орташа температурасы өңірдің батыс жартысында қалыпты, шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болмақ. Жауын-шашын да әдеттегіден артық-кем түспейді.
— Қараша айында орташа ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз, ал солтүстік батысында, яғни Арал ауданында қалыпты мөлшерді көрсетіп отыр. Қыстың алғашқы айы күн райының да, жауын-шашын мөлшерінің де жылдағыдан ауытқымайтынымен ерекшеленеді, — деді Әйгерім Жөкелова.
Айта кетейік, «Қазгидромет» 10 қыркүйекте ауа райына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жариялады.