Қызылордада балалар қауіпсіздігі үшін тұрғын үйлерге 183 терезе блокираторы орнатылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қызылорда облысында балалар терезеден құлап кеткен 8 оқиға тіркелді.

Фото: pexels.com

Құтқарушылар жаз мезгілінде балалар қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналатынына алаңдаулы.

- Бұл жағдайлардың басты себебі – балаларды бақылаусыз қалдыру, терезелерде арнайы қорғаныс құрылғыларының болмауы және балалардың терезе маңында ойнауы. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыс атқарылып келеді. Жыл басынан бері ұйымдастырылған түсіндіру шараларына 5700-ден астам тұрғын тартылды. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында қосымша кездесулер өткіздік, - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Асхат Оразбеков.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Балалардың терезеден құлау оқиғаларын азайту үшін тұрғын үйлерге арнайы қорғаныс құрылғылары орнатылып жатыр.

- Осы жылдың өзінде департамент тарапынан тұрғын үйлердің терезелеріне 183 блокиратор орнатылды. Мұндай құрылғылар балалардың терезені өздігінен ашуына мүмкіндік бермейді және қауіптің алдын алуға көмектеседі. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ересектердің салғырттығынан тіркелген. Сондықтан ата-аналар мен қамқоршыларды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырамын, – деді департамент өкілі.

Бұған дейін Астананың балалар хирургі Динат Қожекенов мұндай оқиғалардың салдары қандай болатынын, неліктен масаға қарсы торға сүйенуге болмайтынын және балаларды жазатайым жағдайдан қалай қорғауға болатынын түсіндірген еді.